15 Шілде, 2016

Қазақстан-Корея қатынасы нығая түсуде

354 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
1317960189_kazahstan-koreya Алматыдағы Достық үйінде ұзақ мерзімді экономикалық-мәдени байланыс­тарды нақтылай түсу мақсатында Қазақстан-Корея ынтымақтастық форумы болып өтті.   Форумға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық мең­герушісі Ералы Тоғжанов, Корея Респуб­ли­ка­сының Алматы қаласындағы бас консулы Джон Сын Мин, «KOTRA» сауда және инвестициялар жөніндегі агенттіктің директоры Джонг Уэ Ёнг, «Caspian group» АҚ басқармасының төр­ағасы Юрий Цхай, «Мемлекет-жекеменшік серіктестігінің қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ға­­­лымбек Мамраев, «KAZNEX INVEST» Алматы өкілдігінің директоры Сәбит Нарбаев, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ал­маты қалалық бөлімшесі директорының орынбасары Тимур Хакимов қатысты. Сондай-ақ, екіжақты тиімді қатынастар терең қозғалған жиында Парламент Мәжі­лісінің депутаттары, Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының мүшелері, республикалық этномәдени бірлестіктердің басшылары, отандық кәсіпкерлер мен Оңтүстік Кореядан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстаннан келген шетелдік кәсіпкерлер өзара тәжірибе алмасып, алдағы уақытта тығыз байланыстар орнатуға мәміле жасады. – Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның эко­номикалық-мәдени қатынасы егемендік алған кезден бастап жақсы жолға қойылғаны мәлім. Ел іргесі бекіп, мемлекет өзінің даму жолына түскен кезеңде оңтүстіккореялық әріптестеріміз ел экономикасына елеулі инвес­тиция салып, екіжақты қатынастың ілгері басуына зор ықпал етті. Енді, Қазақстан үшін аса үлкен маңызға ие ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында да осы байланысымызды жаңа белеске көтереміз деп сенеміз, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов. Форум қазақстандық және оңтүстік­ко­реялық бизнесмендер, басқа елдерден келген серіктестер үшін инвестициялар тарту, қолайлы бизнес-орта құру, әкімшілік кедер­гілерді жою және басқа да маңызды мәселелер талқыланған диалог алаңы бола білді. Ынтымақтастық жүздесулер аясында Қазақстан корейлері қауымдастығы мен Корея Республикасының өзара іс-қимыл жасауы мысалында, этномәдени бірлестіктердің Қазақстан мен этностардың тарихи отаны болып табылатын елдер арасындағы халықтық дипломатия тетігі ретіндегі рөлі қаралды.  Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ